Мұхтар Тілеуберді: Біздің экономика пандемияға дейінгі өсу траекториясына оралды

930

Елге 376 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. 

Мұхтар Тілеуберді: Біздің экономика пандемияға дейінгі өсу траекториясына оралды

Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең қуатты мемлекет. Елдің жалпы ішкі өнімі 170 млрд долларды құрайды. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Kazakhstan Global Investment Roundtable жаһандық инвестициялар бойынша өтіп жатқан дөңгелек үстелде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Соңғы 30 жылда тәуелсіз Қазақстан зор экономикалық жетістікке жеткенін жариялаған Мұхтар Тілеуберді өңірде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші жоғары екенін айтты. 

"Халықаралық резерв 90 млрд доллардан асады. Бұл бізге дағдарыс пен нарықтың құбылуы кезінде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтіру мен өсіруге ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде соңғы 9 айда жалпы ішкі өнім 3,5%-ға өсті. Біздің экономика пандемияға дейінгі өсу траекториясына оралды. Өндіріс пен құрылыс секторы көшбасшы салаға айналды. Қызмет көрсету секторы да алға шықты. Қаңтардан қыркүйекке дейінгі 2,7% өсім өте жақсы көрсеткіш", – деді Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі. 

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының тұрақтылығын бірнеше халықаралық институттар, соның ішінде ХВҚ, ЕҚДБ растады. 

"Пандемияға дейінгі кезеңнің кредиттік рейтингі оң көрсеткіш көрсетті. Бұл монетарлық саясат, оның ішінде банк секторы саласында экономиканы қолдау үшін қабылданған шаралардың фискалдық тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдейді. Елге 376 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясының тартылуы ұлттық экономиканы дамытудың негізгі факторы болып табылады. Ірі шетелдік компаниялар Қазақстанның сенімді серіктесіне айналды. Бүгінгі таңда біз жаһандық инвестициялық қоғамдастықпен ынтымақтастықтың 30 жылдығын атап өтудеміз. Біз дүниежүзіне өзімізді сенімді инвестициялық серіктес ретінде таныттық", – деп қорытты сөзін Мұхтар Тілеуберді.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу