Мұхтар Тілеуберді еуропалық БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді

1022

Қазақстанның Сыртқы істер министрі жұмыс сапарымен Бельгияға барды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұхтар Тілеуберді еуропалық БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді

Бельгияға жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгияның Вице-Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі Софи Вильмес, Еуроодақ Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі Саймон Мордю, Еуропалық Одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор, Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің бас хатшысы Стефано Санино, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Терри Хакала, сондай-ақ "KBC Group" Бас атқарушы директоры Иохан Тиджспен келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді, көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту ниетін растады. Қазақстан СІМ басшысы М. Тілеубердінің ЕО және Бельгия басшылығымен келіссөздерінің негізгі тақырыбы осындай болды. 2020 жылғы наурызда қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім Қазақстан-Еуропа қатынастарының сапалы жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік берді.

Еуропалық серіктестермен келіссөздердің басты тақырыбы Қазақстан-Еуропалық трегіндегі өзара іс-қимылды жандандыру, соңғы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, Қазақстандағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге 2021 жылғы 25-26 қарашадағы алғашқы ресми сапарының қорытындыларын іске асыру жөніндегі шараларды талқылау болды.

Министр еуропалық серіктестерді елдегі ішкі саяси жағдай және ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қатысуымен жүргізілген терроризмге қарсы операция және оларды ҚР-дан шығарудың ағымдағы процесі туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қол жеткізілген демократиялық жетістіктер мен қайта құруларды сақтауға елдің бейілділігін растады.

И. Гилмор және Т. Хакаламен кездесулердің басты тақырыбы адам құқықтары мен аймақтық қауіпсіздік мәселелері болды. Министр сұхбаттастарын Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі аспектілері туралы хабардар етті.

Тараптар еліміздегі кең ауқымды реформаларға қолдау білдіріп, Қазақстан мен ЕО арасындағы заң үстемдігі және жалпы қазақстандық-еуропалық әріптестікті нығайту үшін демократияландыру мәселелеріндегі сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Министрдің Еуропалық Кеңес Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі С. Мордюмен, сондай-ақ бельгиялық визавимен келіссөздері барысында ҚР Президентінің Брюссельге ресми сапары және оның Король Филип және Премьер-министр Александр Де Кромен келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтар талқыланды.

Халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу барысында БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Келіссөздердің күн тәртібіне өңірлік мәселелер, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық және су ресурстарын басқару мәселесі кірді.

Сапар аясында Министр М. Тілеуберді еуропалық БАҚ үшін Қазақстандағы қазіргі жағдай туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысының еліміздің одан әрі дамуы жөніндегі жаңа реформалары туралы баспасөз конференциясын өткізді.

Брюссельде болған кезде Қазақстан СІМ басшысы М. Тілеуберді Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дрианмен телефон арқылы сөйлесті. Францияның Еуропалық Одақ Кеңесіндегі ағымдағы төрағалығын ескере отырып, тараптар ү.ж. сәуірде ҚР-ЕО Ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы келісті.

Сондай-ақ Қазақстан СІМ басшысы "KBC Group" Бас атқарушы директоры Иохан Тиджспен кездесу өткізді. Тараптар банк және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты және "Астана" Халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимылды талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу