Режиссер Болат Қалымбетов түсірген "Мұқағали" фильмі "Темные ночи" атты 25-ші Таллин кинофестивалінде (PÖFF) экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
"Фильмнің поэзиялық тілі мен көркемдігі адам жанын ерекше сезімге бөлейді. Нағыз рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған кинотуынды", – деді Эстонияның діни ұйымдары өкілдері кірген экуменикалық қазылар алқасы.
Естеріңізге сала кетсек, фильмді Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірді. Туынды ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмнің сценарийін жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов пен Ғазиз Насыровтар бірге жазды. Прокатқа 21 қазанда шыққан болатын.