Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Биыл әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға бөлінген қаражаттың ең төменгі мөлшері 40 567 теңге болып анықталды. Бұл қаражат көлемі республикада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейімен айқындалады. Бүгінде білім беру ұйымдары отбасылардағы әр оқушыға мектеп жинақтарын сатып алу үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың есепшоттарына ақша аударып жатыр", - деді спикер.
Ата-аналар бұл тауарларды сатып алған соң оны растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Материалдық көмек алу үшін олар мектеп директорының атына өтініш жазады.
"3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде 200 мың балаға немесе көмекке мұқтаж контингенттің 44 пайызына жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеден астам қаражат есепшоттарына аударылды. Республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғарғы мөлшері Павлодар облысында. Ол 47 300 теңгені құрап отыр", - деді Оқу-ағарту вице-министрі.
Бұдан бөлек жергілікті жердегі әкімдіктер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастырып жатыр. Мұнда жеңілдетілген бағамен мектепке қажетті заттар сатылады. Бұл жұмыстар тамыз айының соңына дейін жалғаспақ.