"Мұқыр-Құлсары" жолын жөндеуде цифрлық теңге қолданылатын болады

142

Атырау облысындағы "Мұқыр-Құлсары" жолын жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 2,1 миллиард теңгені құрайды.   

"Мұқыр-Құлсары" жолын жөндеуде цифрлық теңге қолданылатын болады Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті

Жоба мамыр айында басталып, оған бөлінген қаржының 100 миллион теңгесі цифрлық белгімен таңбаланды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, бұл жобада цифрлық теңге жүйесін пайдалану бойынша пилоттық жоба енгізілген.

Жолды жөндеу жұмысына "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ тапсырыс берген, ал мердігер ұйым – "Атырауинжстрой-АИС" ЖШС.

"Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгеден асады. Оның 100 миллион теңгесі цифрлық белгімен таңбаланып, ұлттық валютаға айырбасталды. Бұл сома құрылыс материалдарын жеткізетін "Нақзат" ЖШС-ға аударылды", — дейді Нұрлан Жахин.

Құрылыс материалдары теміржол арқылы Мұқыр станциясына жеткізілмек. Биылғы сәуір айында стансаға 45 вагон материал жеткізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта стансада 30 вагонға арналған теміржол тұйығы, жұмыс күші мен арнайы техника дайын.

Сондай-ақ, материалдарды түсіру алаңы жарықтандырылып, қоршалған. Нысан құрылыс техникасымен толық қамтамасыз етілген.

"Шарт 2024 жылдың қарашасында жасалып, жұмыс 2025 жылдың соңында аяқталады. Жол құрылысы мамыр айында басталады. Бұл жоба өңірлік департаменттің бақылауында болады, өйткені цифрлық теңге платформасы бюджет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Пилоттық жоба аясында бөлінген қаржы толық бақылауда болады. Бұл барлық кезеңдерде бюджет қаржысын мақсатты пайдалану кепілдігін береді және сыбайлас жемқорлықтың алдын алады", – деп атап өтті Нұрлан Жахин.

Оның айтуынша, таңбаланған цифрлық теңге тек жобада көзделген міндеттемелерді орындауға жұмсалады. Мұндай қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа қажеттіліктерге бағыттау мүмкін болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу