Мүлдем көлігі жоқ азаматтарға салықтық қарыз жазылып отырған

1043

Бұл проблема ІІМ-мен қаржы министрлігінің деректер базаларын біріктіру салдарынан орын алған.

Мүлдем көлігі жоқ азаматтарға салықтық қарыз жазылып отырған

2017-2018 жылдары көлік иелеріне қатысты деректер базасында 16 млн қате түзетілді. Бұл туралы бүгін мәжілістегі "Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар" тақырыбындағы үкімет сағатында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысында мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің автокөлік бойынша деректер базасындағы қате деректер проблемасын көтерді. Яғни, автомобилін сатып жіберген не болмаса мүлдем көлігі жоқ азаматтарға салықтық қарыз жазылып отырған.

"Бұл проблема бүгінгі күнге дейін шешілмей тұрғанға ұқсайды. Себебі салықтарды есепке дұрыс жазбау автокөлік иелері бойынша деректер базасының жаңартылмайтындығын көрсетеді. Көлік иелері бойынша деректер базасы уақытылы жаңартылуы үшін министрлік қандай шаралар қабылдауда? Ішкі істер министрлігінің сервистік орталық ақпараттық жүйесі мен мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесін интеграциялау қашан қамтамасыз етілетін болады?",– деп сұрады мәжіліс депутаты ІІМ өкілдерінен.

Сауалға жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл проблема ІІМ-мен қаржы министрлігінің деректер базаларын біріктіру салдарынан орын алған.

"Екі жылда – 2017-2018 жылдары ІІМ көлік бойынша 16 миллионнан астам қате деректі түзетті. 16 150  жазбаны түзету керек. Бұл жұмысты 5-6 айда бітіреміз деп ойлаймыз. Енді көлік туралы ақпарат қаржы министрлігіне онлайн режімде беріледі. Осы қызмет 2019 жылдың 10 қаңтарынан іске қосылды", – деді ол.

Ал қаржы министрі  Әлихан Смайылов алдағы уақытта бір адамға бірнеше ондаған көліктің тіркелуі сынды қателікті болдырмау үшін ведомствоның ақпараттық жүйесінде биылдан бастап арнайы форматтық-логистикалық бақылау  қарастырылатындығын айтты.

"Мәселен, бір адамға жүздеген көлік тіркелетін болса, онда мұндай салық төлеушіге бірден хабарландыру жіберілмейді. Алдымен, біз тексеріп, анықтап алғаннан кейін хабарландыру жіберетін боламыз", – деді министр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу