Мумияны шариғат талабы бойынша жерлеген министр қызметінен айырылды

1208

Мумияны шариғат талабы бойынша жерлеген министр қызметінен айырылды

Мемлекеттік музейдегі мумияны жерлеуге қатысты шешім қабылдаған Қырғызстан мәдениет министрі Түгелбай Қазақов қызметінен босатылды, деп хабарлайды islam.kz.

Жарлыққа мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев қол қойған.

Тарихи музейдегі мумияны мәдениет министрінің шешімі бойынша 14 қазанда Баткен облысында жерлеген. Ал ведомстводағылар қажетті құралдардың жоқтығынан ғалымдардың мумияны зерттей алмағанын және мұражай жәдігерінің нашар күйде болғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақов этикалық сипаттағы себептерді де атады.

20 қазанда республиканың археолог ғалымдары жерленген мумияның тарихи музейге қайтарылуын талап еткен еді. Археологтар ведомствоның әрекетін вандализм ретінде бағалап, мемлекет президентінің атына хат жолдаған.

Бұған жауап берген министр: "Біз – мұсылман халықпыз. Шариғат бойынша қайтыс болған адамды ұзақ ұстауға болмайды. Мумияны жерлеу керек", – деп жауап берді.

Ал Қырғыз Республикасы ғылым академиясының тарих және мәдени мұра институтындағы археология бөлімінің меңгерушісі Қадиша Ташбаева мумияны жерлеу жөніндегі шешім дін қызметкерлерінің қысымымен қабылданғанын мәлімдеген.

Белгісіз әйелдің мумиясын 1956 жылы Қырғыз КСР-ның Баткен облысынан ленинградтық археологтар тапқан. Ол біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырлардағы Қара-Бұлақ мәдениетіне тиесілі. Табылған мумия Бішкек тарихи музейіне табысталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу