Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен түрлі қызметпен қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бөлінгенін, бұл
өткен жылмен салыстырғанда 12% артық көрсеткіш екенін айтты.
"Еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жалпы санынан 100 мың адам немесе 23% жұмысқа тартылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30% дейін ұлғайту жоспарланған. "Еңбек" бағдарламасы аясында биыл 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналасты, 626 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді. Қазіргі уақытта мүгедек адамдарға арналған кәсіптер атласы дайындалуда, мүгедек адамдарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде IT дағдылары бойынша оқыту жүргізілуде. "Даму" қорымен бірлесіп, мүгедек адамдардың қатысуымен іске асырылатын 76 бизнес жобаны қолдау шарасы жүріп жатыр", – деді министр.
Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүгедек адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту жұмысы жүріп жатыр.
"Бірінші қарашада олардың саны 701 адамға жетті, оның ішінде 391 адам мемлекеттік басқару академиясының онлайн курсынан өтті. Өңірлерде кәсіпорындар мен мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша белгіленген квоталарды орындау бойынша жұмыс жүргізу өзекті болып тұр. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың 36% заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз еткен. Әкімдерге осы мәселеге ерекше көңіл бөлуді сұраймыз", – деді Біржан Нұрымбетов.
Қанат Махамбет