Енді мүмкіндігі шектеулі жандар киім ауыстыру кезінде қиналмайтын болады. Алматылық кәсіпкер арнайы тігін цехын ашып, оларға арналған қолайлы киімдер тіге бастады. Оның бұл бастамасы аймақтық байқауда үздік шықты, деп хабарлайды 24.kz.
"Аяққа арналған қап қазақстандық брендке айналуы мүмкін" дейді жоба авторы Нұргүл Сейітбекова. Су өткізбейтін мата да жергілікті фабрикада тоқылған. Нәтижесінде өнімнің бағасы шетелдікіне қарағанда анағұрлым арзан шығып отыр.
Өткен жылы Нұргүл жас стартапшылардың байқауына қатысып, 5 миллион теңге грант ұтып алған. Ол ақшаға тігін машиналары секілді қажетті бұйымдарды сатып алады. Мүкіндігі шектеулі таныстарын жинап, өздеріне қандай киім киген қолайлы болатыны туралы ақыл-кеңес сұрайды. Нәтижесінде қолжетімді, ыңғайлы және әдемі киімдер тігіле бастайды.