Мүмкіндігі шектеулі жастар арасында шығармашылық және спорт фестивалі өтті

979

Мүмкіндігі шектеулі жастар  арасында шығармашылық және спорт фестивалі өтті

Астанада мүмкіндігі шектеулі жастар арасында шығармашылық және спорт фестивалі өтті, деп хабарлайды elorda.info.

Республикалық деңгейде өткен бұл шараға Астана және Ақмола, Атырау, Алматы қалалары, сондай-ақ Павлодар облыстарынан 14-29 жас аралығындағы І, ІІ және ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі 100-ден астам ерекше жастар қатысты. Оны қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Қазақстан жастарының конгресі бірігіп ұйымдастырды. Басқарма басшысы Асхат Ораловтың пікірінше, аталмыш шаралар тек елордада ғана емес, басқа қалаларда да ұйымдастырылуы тиіс.

Фестиваль аясында қатысушылар 5 шығармашылық және 5 спорт түрлерінен өзара сайысқа түсті. Оның ішінде, вокал, хореография, ыммен әндету, инструменталды шығармашылық, қолөнер, штанга көтеру, қол күресі, боулинг, үстел теннисі және шахмат секілді бағыттар бар.
Салтанатты шарада ҚР бала құқық­тары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева:

"Мемлекет әрдайым ерекше қажеттілігі бар жандарға айрықша назар аударады және осы іс-шара соның дәлелі", — деп фестивальдің маңыздылығына тоқталды.

Жеңімпаздарды марапаттау үшін парламент мәжілісінің депутаттары Серік Сәпиев және Бақтияр Мәкен, ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаменті директоры Ғабидулла Оспанқұлов, Астана қаласының "Наз" мемлекеттік би театрының бас балетмейстері Хадиша Ағымбаева және әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова арнайы келді. Олар байқау жеңімпаздары мен қатысушыларға арнайы диплом, кубок және бағалы сыйлықтарды табыстады.

Марапаттау рәсімінің соңы отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу