Мүмкіндігі жоқ адамға құрбандық шалу міндет емес – бас мүфти

1261

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрбан шалу кімге міндет, кімге міндет емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Мүмкіндігі жоқ адамға құрбандық шалу міндет емес – бас мүфти

"Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Айттарыңыз қабыл болсын. Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін. Жаратушы Алла Тағала қасиетті айт күндеріне аман жетуді және айт күндерінің құлшылығын абыроймен атқаруды баршамызға нәсіп етсін. Айттан айтқа аман жетейік. Алла тілегімізді қабыл етсін!", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұдан кейін ол ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күн саналатынын тілге тиек етіп, Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталатынын, ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келетінін, осыған байланысты 20 шілде – құрбан айт мерекесінің бірінші күні болатынын баяндады. 

"Қазір қасиетті зұлхижжа айы. Осы айдың алғашқы 10 күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істермен жақсы амалдар жасауеа тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза тұту сүннет. Пайғамбарымыз арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін деген", – деді бас мүфти. 

Наурызбай қажы Тағанұлы халқымыз құрбан айтта малдың жақсысын және үлкенін құрбандыққа шалып, оның етін тұрмысы төмен адамдарға тартатынын айтты.

"Материалдық мүмкіндігі бар және жолаушы емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Кімнің мүмкіндігі бар, сол адам құрбандық шалады. Мүмкіндігі жоқ адамға құрбандық шалу міндет емес", – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу