Мұнай нарығында баға айтарлықтай өсіп, Brent маркалы мұнай шамамен $95,6 баррельге жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
WTI мұнайы да қымбаттап, 92,2 доллар деңгейіне көтерілді. Мұнай бағасы сейсенбіде алдыңғы сессиядағы күрт өсімнен кейін тұрақтанды. Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыстардың жалғасатынын мәлімдеді.
Алайда Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Тегеран мен Вашингтон арасындағы жанама келіссөздердің тоқтатылып, нарықтағы белгісіздікті арттырғанын хабарлады.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 6 центке (0,06%) қымбаттап, барреліне 95,04 долларды құрады. Бұл ретте WTI маркалы мұнай барреліне 17 центке (0,18%) арзандап, 91,99 долларды құрады. Дүйсенбіде екі эталондық баға да 5%-дан астам өсті.
Ақ үй басшысы Трамп Иранның келіссөздерді тоқтатқанынан бейхабар екенін және Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі операцияға дайындалып жатқан әскерлерін шығаруға келіскенін айтты. CNBC телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті келіссөздердің аяқталуын жоққа шығармайтынын мәлімдеген. Алайда сол күні ол әлеуметтік желіде Иранмен диалогтың жалғасып жатқанын жазды.
Сонымен қатар, ABC News арнасына берген сұхбатында Трамп атысты тоқтатуды ұзарту және Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауды қалпына келтіру туралы келісімге келесі аптада қол жеткізетінін айтты.