Мұнай бағасы наурыздан бері алғаш рет 80 доллардан төмен түсті

218

Қара алтын бағасының төмендеуіне АҚШ – Иран келісімі әсер етті.

Мұнай бағасы наурыздан бері алғаш рет 80 доллардан төмен түсті Фото: haqqin.az

Әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеуін жалғастырып, наурыз айының басынан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сейсенбі күні Brent маркалы мұнайдың құны 4,3 пайызға арзандап, бір баррелі 79,62 доллар болды. Соған қарамастан, жыл басындағы шамамен 60 долларлық деңгеймен салыстырғанда мұнай бағасы әлі де жоғары сақталып отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстардың күшеюі кезінде Brent бағасы барреліне 119,50 долларға дейін көтерілген еді.

Бұған дейін Brent мұнайының фьючерстері 82,68 доллар деңгейінде саудаланса, бір күн бұрынғы көрсеткіш 84 доллар болған. Ал WTI маркалы мұнай бағасы 81 доллардан 80,63 долларға дейін төмендеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының арзандауына АҚШ пен Иран арасындағы келісімге қатысты оң болжамдар әсер еткен. Нарық қатысушылары бұл келісімнің нәтижесінде апта соңына қарай Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданып, әлемдік нарыққа мұнай жеткізілімі тұрақтанады деп күтуде.

Еске салайық, 14 маусымда Вашингтон мен Тегеран арасында бейбіт келісім жасалғаны хабарланған болатын. Бұл ақпаратты АҚШ президенті Дональд Трамп, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади растаған. Келісімге қол қоюдың ресми рәсімі 19 маусым күні Швейцарияда өтеді деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу