Мұнай-газ-химия саласы бойынша арнайы инвестициялық келісім әзірленіп жатыр

674

Қазан қаласында өтіп жатқан Татарстан мұнай-газ-химия форумында еліміздің энергетика министрі Нұрлан Ноғаев құны 12 млрд долларды құрайтын жоба жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мұнай-газ-химия саласы бойынша арнайы инвестициялық келісім әзірленіп жатыр

Нұрлан Ноғаев Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ-химия саласындағы  ынтымақтастығы дамудың оң серпініне ие болып отырғанына тоқталып, "ҚазМұнайГаз" АҚ мен "Татнефть" ЖАҚ бутадиен мен оның туынды өнімдерін шығару бойынша келісімге қол қойғанын мәлімдеді. 

Белгілі болғандай, жоба асындағы инвестиция көлемі шамамен 820 млн долларды құрайды. Құрылысы 2026 жылы аяқталатын зауыт Ресей Федерациясына, Еуропаға, Түркияға және Қытайға өнім жеткізеді. 

"Бүгінгі таңда Қазақстанда хошиісті көмірсутек, жанар-жағармай, полипропилен және бензинге арналған октан қанықтыратын қоспа өндіретін зауыттар табысты жұмыс істеп тұр. Бұл зауыттардың өнімі ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие. Қытай, Ресей, Өзбекстан мемлекеттері де осы өнімді тұтынып отыр", – деді Нұрлан Ноғаев.
Оның сөзінше, елімізде құны 2,6 млрд долларды, қуаттылығы жылына 500 мың тоннаны құрайтын полипропилен өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. 

"Бұдан басқа дамудың түрлі сатысында бірнеше өндірістік жоба бар. Олардың жалпы құны шамамен 12 млрд долларды құрайды. Үкімет мұнай-газ-химия саласы бойынша арнайы инвестициялық келісім әзірлеп жатыр. Онда саланы дамытуға бағытталған инвестицияларды ынталандыруға ерекше преференциялар қамтылады, – деді энергетика министрі.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу