Мұнай қалдықтарын көмуден келген залал 35 млн теңгеге бағаланып отыр

1412

Жердің қайта қалпына келуіне 100 жыл керек.

Мұнай қалдықтарын көмуден келген залал 35 млн теңгеге бағаланып отыр

Осы жылдың қазан айында Павлодар қаласының солтүстік өндірістік аймағында мұнай қалдықтары көмілген жер табылды. Белгілі болғандай, әлдекімдер өңдеуден қалған сұйық мұнайды, битумды, ескі құбырларды, тағы да басқа заттарды көміп кеткен. Оқиға орнына экологтар, табиғатты қорғау полициясы мен прокуратура қызметкерлері жетті. Мамандар тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жердің сынамасын алды.

Бір айдан астам уақытқа жалғасқан тексеріс жұмыстарының алғашқы қорытындылары жарияланды. Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжановтың айтуынша, ластанған аумақтың жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асып кетті. Онда көмілген қауіпті қалдықтардың көлемі - 104 текше метрді құрайды. Соның салдарынан табиғатқа 34,8 млн теңге залал келтірілді.

"Жоспардан тыс тексеріс барысында сынамаларды алып, ластанған аумақ көлемін анықтадық. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде",  дейді Дархан Исжанов.

Тексеріс барысында қалдықтар көмілген жер жанатын сұйық отынды тасымалдауға арналған цистерналарды тазалайтын компанияға тиесілі екені белгілі болды. Бұл кәсіпорын утилизация жасауға еш құқы жоқ басқа компанияға қалдықтарды заңсыз берген. Енді кінәлілер құнарлы топырақты қайта қалпына келтіруі тиіс. Алайда экологтардың пайымынша, ол үшін бір ғасырдан астам уақыт керек.

"Үш сантиметр жердің өзі 50 жыл аралығында қалпына келеді. Ал өндірістік қалдықтар ластаған аумақтағы топырақ бір ғасырдан соң ғана бұрынғы қалпына оралуы мүмкін. Әрине, осы уақыт аралығында қоқыстың аумағында дала өсімдіктері өседі. Ол үшін өсімдіктер мен қалдықтардың "күресуіне" тура келеді", - дейді эколог Марина Поух.

Әзірше топырақтың құнарлығын құртқан кінәлілерге қолданылар жазаның қандай болары белгісіз. Ол залал келтірілген аумақ пен шығын көлеміне байланысты болмақ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу