"Экономикалық дағдарыс пен пандемиядан, сондай-ақ құю өндірісіне жаңа технологияларды енгізу және механикалық өңдеу жабдықтарын жаңарту қажеттілігінен туындаған проблемаларды сәтті еңсере отырып, зауыт ұжымы болашаққа сеніммен қарайды. Жақын арада "ААМЖЗ" АҚ Алматы қаласының аумағынан тыс жерде осы брендпен жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр. Жаңғыртылған станок паркі жабдықтардың жаңа түрлерін игеруге және ескі әзірлемелерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының мұнай-кен орындарында пайдаланылатын тербелме-станоктарды жаңғыртуға мүмкіндік береді", – деді зауыт басшысы.
Алдын ала болжам бойынша, зауыт құрылысына құйылатын инвестиция 30 млн долларды құрайды.
“Қазір инвесторлар арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бізге ресейлік "Нефтемаш" компаниясы қызығушылық танытуда", – деді Едігенов.
Оның айтуынша, зауыт 2,5-3 жыл ішінде салынады деп жоспарлануда.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында зауыт өнімінің көлемі ақшалай есептегенде 3,9 млрд теңгені, экспорты 1 млрд теңгені құрады.
Еске сала кетсек, нысан 1941 жылы эвакуацияланған Луганск паровоз зауытының негізінде құрылды. Кәсіпорын ауыр машина жасаудың бірқатар өнімдерін шығарады. Олардың қатарында 3 500-ден астам тауар бар. Осы бренд негізінде шығарылған жабдықтар әлемнің 30-дан астам еліне, соның ішінде АҚШ, Жапония және Францияға тасымалданады.