56 жастағы ер адам Telegram желісіндегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, алаяққа 126 мың теңге аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жәбірленуші мұнай компаниясына вахталық әдіспен жұмысқа орналасу туралы хабарландыруды көрген. Хат алмасу барысында белгісіз азамат белгілі бір ақыға жұмысқа орналастыруға көмектесуге уәде берген.
Оған сенген ер адам көрсетілген есепшотқа 126 мың теңге аударған. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол көршілес облыстың 25 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда.
Полиция азаматтарға интернеттегі жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға кеңес береді. Жұмысқа орналастыруға немесе құжаттарды рәсімдеуге көмектесемін деген бейтаныс адамдарға ақша аудармау қажет.