Мұнай компаниясындағы жұмысшы қазасына қатысты комиссия қорытындысы шықты

883

Мұнай компаниясындағы жұмысшы қазасына қатысты комиссия қорытындысы шықты

Ақтөбеде мұнай компаниясындағы жұмысшының өліміне қатысты құрылған комиссия жұмысын қорытындылады. Өндірістік жарақат алып, тірі қалған жұмысшы толық ем қабылдағанша жалақысын алып отырады. Ал қаза болған жұмысшының отбасына мұнай компаниясы мен сақтандырушылар арасындағы келісімшарт бойынша ақша төленетін болды, деп хабарлайды аktobenews.kz.

Айта кетейік, Ақтөбедегі ірі мұнай компаниясында қайғылы жағдай тіркеліп, 54 жастағы ер адам оқиға орнында қаза болған еді. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы он күнде жұмысшылар қазасының себебін анықтауы тиіс болатын.
Бүгін инспекторлар жұмысшылардың күкіртті сутекке уланғанын, мұнай компаниясы мен сақтандырушылар арасындағы келісімшартқа байланысты өтемақы төленетіні белгілі болды.

"Еңбек инспекторлары тексеру жұмыстарын аяқтады. Комиссия жұмысшы өлімі өндіріспен байланысты деп шешім шығарды. Олар жұмыс істеп жүрген кезде жарақат алып, бірі қаза болды. Екі адамға да акт толтырылды. Ауруханада жатып, ем қабылдаған жұмысшының жалақысы толық төленеді. Ол бір немесе екі ай емделсе де жұмыс орнынан айырылмайды. Ал қайтыс болған жігіттің отбасына мұнай компаниясының жұмысшылары ақша аударып, басшылығы көңіл айтты. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ мен сақтандыру компаниясы арасында келісімшарт бар. Адам жарақат алса, сақтандыру компаниясы ақшасын төлейді. Біз үшін келісімшарт маңызды", - деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

Айта кетейік, инспекция жұмысшылардың күкіртті сутектен уланғанын анықтады. Заңнамаға сәйкес тексеру қорытындысы ішкі істер органдарына жіберілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу