Мұнай өңдеу саласында биыл Қазақстанның ЖІӨ-ге үлесін ұлғайтуға жақсы мүмкіндік бар

418

Серік Жұманғарин биыл мұнай-газ саласының әлеуетіне және Маңғыстау облысының инвестициялық-экономикалық дамуына арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысын өткізді. 

Мұнай өңдеу саласында биыл Қазақстанның ЖІӨ-ге үлесін ұлғайтуға жақсы мүмкіндік бар Фото: primeminister.kz

Биыл ЖІӨ-нің 4,8%-ға нақты өсуі күтілсе, 2025 жылға белгіленген мақсат  7%-ға жету. Бұл көрсеткішке экономиканың нақты секторындағы инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру арқылы қол жеткізуге болады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, 2024 жылдың қаңтар айында мұнай өңдеу көлемі 1,53 млн тоннаны құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 104%-ға жетті. Бұл 2025 жылдың қаңтарындағы жоспардан 0,6%-ға жоғары көрсеткіш.

Қазақстанның ЖІӨ құрылымында мұнай өңдеудің үлесі әлі де төмен: 2023 жылы 0,8%, ал 2024 жылдың 9 айында 0,6% ғана. Алайда бұл сала жоғары қосылған құны бар өнім өндірумен ерекшеленеді. 2025 жылдың мамыр айында "CaspiBitum" БК ЖШС кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін зауыттың қайта өңдеу қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ал 2026 жылы еліміздегі мұнай өңдеу қуаты 18 млн тоннадан 18,5 млн тоннаға дейін артады.

Штаб отырысында ірі мұнай өңдеу зауыттары мен шағын МӨЗ-дердің жүктемесіне қатысты мәселелер қаралды.

 Егер сыртқы факторлар айтарлықтай өзгеріске ұшырамаса, мұнай өңдеу саласы Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесін арттыруға оң мүмкіндік береді,  деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының экономикасындағы негізгі салалар бойынша өсу көрсеткіштері жеке қарастырылды. 2024 жылы 7%-дық өсімге қол жеткізу міндеті қойылғанымен, қаңтар қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығында (жоспардағы 101%-дың орнына 87,5%), сондай-ақ саудада (күтілген 105,4%-дың орнына 102%) төмен нәтиже тіркелді. Осыған байланысты, вице-премьер алдағы айларда жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

2024 жылы елдің ЖІӨ құрылымында сауда саласының үлесі 19%-ды құрағандықтан, штабтың алдағы отырыстарында қойма қызметтері мен көлік саласына ерекше назар аударылмақ.

Штаб отырысында, сондай-ақ өңірдегі бюджеттік-инвестициялық жобаларға бөлінген қаражаттың игерілу деңгейі талқыланып, оның төмендеу себептері қарастырылды. Вице-премьер шұғыл қаржыландыруды қажет ететін барлық жобаларды экономиканың нақты секторына тигізер әсері тұрғысынан қайта қарауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу