Мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге 67,7 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

525

Жекелеген шаруалар көрсетілген мерзімдерде өтінім беріп үлгермеген.  

Мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге 67,7 мың тонна дизель отыны жөнелтілді Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген дизель отынының көлемін қалыптастыру алғаш рет "gosagro.kz" арқылы шаруалардың электрондық өтінімдері негізінде жүзеге асырылды. Республика бойынша барлығы 340,0 мың тонна дизель отыны көлеміне жиынтық өтінім қалыптастырылды. Жиынтық өтінім негізінде Энергетика министрлігі дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру графигін, сондай-ақ жеңілдікті дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті", - деді министр.

Ведомство басшысының дерегінше, мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67,7 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді.

Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет.

"Бүгінгі таңда өтінім беру және жеңілдікті дизель отынын алу рәсімі толығымен цифрландырылған, бірақ жекелеген шаруалар көрсетілген мерзімдерде өтінім беріп үлгермеді. Осыған байланысты жекелеген өңірлердегі әкімдіктер және фермерлер өтінімдер қабылдауды қосымша ашу мәселесін көтеріп жатыр. Осыған байланысты Энергетика министрлігінен облыстар әкімдіктерінің ұсыныстарын қолдауды сұраймын", - деді Айдарбек Сапаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу