Биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,8 трлн теңгеге төмен болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Сіздердің қарауларыңызға 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлері болжамын нақтылау, сондай-ақ "Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Заңға өзгеріс енгізу туралы" Президент Жарлығының жобасы енгізіліп отыр. Болжамды нақтылаудың негізгі факторлары – тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай, байқалып отырған жаһандық рецессия және коронавирустың таралмауы бойынша қорғау шаралары аясында іскерлік белсенділіктің баяулауы", – деді министр.
Оның дерегінше, жыл басынан бері мұнай бағасы – 66, металдар – 16, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 21 пайызға төмендеді. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға дейін төмендеді.
"Осыны ескере отырып, осы жылғы сәуір-желтоқсанға мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11 пайыз аралығында есепке алынды. Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде",– деді ол.
Министрдің айтуынша, экспорт 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды құрайды. Импорт 7,5 млрд долларға төмендеп, 26,6 млрд доллар болады.
"Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызға төмендеуі күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 69,7 трлн теңге көлемінде бағалануда. Бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен", – деді Руслан Дәленов.