Мұнай өндіру көлемі бір жылда 14%-ға өскен

1368

Елде тәулігіне 1,7 млрд баррель мұнай өндіріледі. 

Мұнай өндіру көлемі бір жылда 14%-ға өскен

Биыл қаңтарда Қазақстанда 6,7 млн тонна шикі мұнай өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,2%-ға артық, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Мұнай өндірудің ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде Атырау облысына тиесілі: 4,6 млн тонна, бір жылда плюс 23,4%. Үздік үштікке Маңғыстау (1,4 млн тонна, бір жылда плюс 0,5%) және Ақтөбе (395,5 мың тонна) облыстары енді.

Аталған өңірлерде North Caspian Operating Company (NCOC) филиалы, Tengizchevroil ЖШС, "Ембімұнайгаз" АҚ (Атырау облысы), "Қаражанбасмұнай" АҚ, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ, "Қарақұдықмұнай" ЖШС (Маңғыстау облысы) және тағы басқа компаниялар жұмыс істейді.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда кәсіпорындар 73,7 млн тонна шикі мұнай өндірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға көп.

Өткен жылы қаңтар-желтоқсанда Қазақстан 31,1 млрд доллар болатын 65,7 млн тонна шикі мұнайды экспортқа жіберді. Заттай көріністегі қысқару 6,9% болса, ал ақшалай көріністе көрсеткіш 31,2%-ға өскен.

ТМД елдеріне 54,6 млн доллар болатын 131,6 мың тонна шикі мұнай жіберілген. Шикізаттың бұл көлемін Ресей мен Өзбекстан тең бөліп алды. ТМД-ға кірмейтін елдерге жіберілген шикі мұнайға тоқталайық. Оның басым бөлігі дәстүрлі түрде Италияға жіберілді (17,9 млн тонна), өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға аз.

Үздік үштікте Нидерланды мен Франция бар, ал үздік бестікке Қытай мен Түркия енді.

2021 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша битуминозды минералдардан алынған шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерінің экспорттық жеткізілімінің бағасы бір айда 1,6%-ға, бір жылда бірден 82,1%-ға өскен, ал 2015 жылғы желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырсақ 2,2 есе артқан. Жылдық динамикада ТМД елдері үшін баға 17,7%, ал ТМД-ға кірмейтін елдер үшін 82,1%-ға өскен. 

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда сектордағы баға 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 53,1%-ға көтерілген.

Investfunds мәліметінше, 2022 жылғы 4 наурызда мұнай баррелінің құны 118,1 доллар боллы. Бір күнде баррель бағасы 6,9%, бір айда – 32%, үш айда – 69%, бір жылда – 77% өсті.

2022 жылы тәуліктік мұнай өндіру бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 127 мемлекеттік арасында 18-орынға ие болды. Орта есеппен Қазақстан тәулігіне 1,7 млрд баррель мұнай өндіреді. Рейтингтің көшбасында АҚШ, Сауд Арабиясы, Ресей тұр.

ТМД елдері арасында Қазақстан тек Ресейге жол берді. Әзербайжанда – 843,5 млн баррель, Түрікменстанда – 266,4 млн баррель, Өзбекстанда – 71,5 млн баррель, Беларусьте – 32,6 млн баррель, Қырғызстанда – 972 мың баррель, Тәжікстанда – 173 мың баррель мұнай өндіріледі.

Өкінішке қарай, Ресейдің Украинадағы "арнайы әскери операциясы" басталғаннан кейін рейтингтегі орындар да, мұнайдың жоғары бағасы да теңге бағамын тұрақты ұстап тұруға көмектеспеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу