Мұнай саласы банк секторына қарағанда салықты 2,5 есе артық төлейді – сарапшы

220

Отандық компаниялар салада неғұрлым көбірек жұмыс істесе, соғұрлым салыққа түсім көбейеді. 

Мұнай саласы банк секторына қарағанда салықты 2,5 есе артық төлейді – сарапшы  Фото: Российская газета

Бұл туралы Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Спикер бізде мұнайға екі баға белгіленетінін айтты.

"Бірін дүниежүзілік нарық бекітеді, бүгінгі таңда ол 80 доллардан жоғары. Екіншісі – ішкі тұтынуға берілетін баға, ол 18 доллар мен 25 доллардың арасында. Сол себепті қазіргі таңда ең арзан бензин Қазақстанда. Әр мұнай өндіруші өзінің өндірген мұнайының 25 пайызын ішкі нарыққа қалдыруы керек. Бірақ ол кезде үш ірі оператор туралы сөз болды. Олар өңделген өнімді бөлісу келісімшарты кезінде Қазақстанға емес, бүкіл өндірген өнімін сыртқы нарыққа сатамыз деп келіскен. Бұл келісімшарт аяқталмай, біз ештеңе істей алмаймыз. Қазір Қытай инвесторлары туралы көп айтылады. Негізінде біздің ішкі тұтынуымыздағы және Қазақстан азаматтарына қажет мұнайды Қытай компаниялары беріп отыр", - деді Рашид Жақсылықов тілшілердің сауалына берген жауабында.

Журналистер "Мұнай саласында елімізге қазақстандық компаниялар пайда әкеліп жатыр ма әлде шетелден келіп жатқан компаниялардың пайдасы көп пе?" деп сұрады.

"Негізінен шетелдік компаниялар тапқан табысын шетелге алып кетеді, сондықтан отандық компаниялар өте пайдалы. Бірақ шетелдік компаниялар әкелетін үш түрлі құнды заты бар. Біріншіден, жаңа технологиялардың бәрі шетелден келіп жатыр. Екіншісі – жақсы мамандардың бәрін шетел дайындап жатыр. Үшіншіден, жеңіл қаражат шетелден келіп жатыр. Мысалы, еуропалық банктер 2,5-3 пайызбен береді, біздің банктер беретін ақшаны өздеріңіз білесіздер. Сондықтан шетелдік компаниялар көбінесе бізде тендерлерде ұтады. Осы үш көрсеткіш тендер алуға керек. Алайда біз шетелдік компаниялармен былай деп келісіп жатырмыз. "Сіздерде экономиканың дамуына және компанияның өсуіне қажет үш ресурс бар, бірақ бізде жақсы жұмысшы бар" дегендей. Сондықтан олар өзінің үш ресурсымен келеді, біз өзіміздің жұмысшыларымыз және техникамызбенен бірлескен кәсіпорындар құрып отырмыз. Неғұрлым отандық компаниялар көбірек жұмыс істесе, соғұрлым салыққа түсім көбейеді. Біздің сала банк секторына қарағанда 2,5 есе артық салық төлеп отыр", - деді Рашид Жақсылықов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу