Мұнайды Қырғызстанға заңсыз тасымалғандарға үкім шықты

1771

Олар шешіммен келіспейді, апелляциялық шағым түсірмек.

Мұнайды Қырғызстанға заңсыз тасымалғандарға үкім шықты

Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты тағы бір қылмыстық топқа үкім шықты. Соттталушылар 4 жылдан 19 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу", "Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік немесе коллекторлық қызмет", "Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру" баптары бойынша 5 адамға үкім оқылды. Сот үкімімен "Ақтөбе мұнай өңдеу" ЖШС-ның маркетинг және логистика жөніндегі директоры Алмаз Қожағалиев 19 жылға бос бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейді. Ал Азамат Көшкінбаев 4 жылға бос бостандығынан айырылды. Атақты ТШО компаниясының операторы болып жұмыс істеген Эдуард Өтениязов 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болды.

"Интер Ойл Экспорт" ЖШС директорының орынбасары, Белоруссия азаматы Сергей Кунцевич айыпты деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтесін", –  деді судья Алтынбек Сабыров.

Ал сол "Интер Ойл Экспорт" ЖШС-нің директоры Садық Раев салық төлеуден жалтарды деп айыпталып, бостандықта қалды. Ол мемлекет алдындағы қарызын түгел өтеген.

Айта кетейік, сотталушылар А. Қожағалиев, А.Көшкінбаев, Э.Өтениязов, және С.Кунцевич "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-на 34 миллион теңге, ұлттық компанияның жүк тасымалына 107 миллион теңге материалдық шығынды, іс материалдары үшін мемлекетке 1 миллион теңгеген астам ақы төлейді. Қылмыстық топ Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай тасымалдағаны үшін жауапқа тартылды.

"Соттың шешімімен келіспейміз. Себебі, Қырғызстанға жіберілген сұйықтықты шикі мұнай деген сараптама қорытындысы дұрыс емес. Тәуелсіз сарапшылар шын мәнінде оның мұнай емес, мұнай өнімдері екенін анықтады. Апелляциялық шағым түсіреміз", — деді қорғаушы Данияр Қанафин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу