Мұнайдың өндірістік шығындары 2017 жылдың алғашқы алты айында 150 млрд теңгені (469 млн АҚШ доллары) құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары болды. Бұл, ең алдымен, 2016 жылдың сәуірінен мұнайдың дербес процессингі схемасына өтуі есебінен мұнай өңдеу шығыстарының 12 млрд теңге мөлшерінде ұлғаюына, қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарының 15%-ға өсуіне, сондай-ақ жөндеу және қызмет көрсету бойынша шығындардың артуына байланысты. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындарының 15%-ға ұлғаюы негізінен 2016 жылдың алғашқы алты айына жылдық сыйақы бойынша есептеулердің жоқтығы, сондай-ақ 2017 жылдың қаңтарынан бастап өндірістік персоналдың жалақысын 7%-ға индексациялаудың нәтижесінде болды. 2017 жылдың алғашқы алты айына жылдық сыйақы бойынша есептеулер 2,6 млрд теңгені құрады.
Жөндеу және қызмет көрсету бойынша шығындар негізінен жөндеу мен реконструкциялауды қажет ететін ұңғымалар санының көбеюі нәтижесінде ұлғайды (2017 жылдың 1-ші жартыжылдығында өзге ұйымдар жүргізген ұңғымалардың жерасты жөндеу жұмыстарының саны 728 құрады, ал 2016 жылдың сәйкес кезеңінде олардың саны 246 болды).
Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың 1 сәуірінен бастап бекітілген бюджетке сәйкес мұнай өңдеу тарифі АМӨЗ-де тоннасына 24 512 теңгені (2017 жылдың бірінші тоқсанында және 2016 жылдың сәуір-желтоқсан айларында – 20 501 теңге) құрады. ПМХЗ-да мұнай өңдеу тарифі тоннасына 14 895 теңге деңгейінде өзгеріссіз қалды