Мұнайлы ауданында 11 млрд теңгеге аурухана салынып жатыр

756

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында 182 мың тұрғын бар.

Мұнайлы ауданында 11 млрд теңгеге аурухана салынып жатыр

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының халқы 15 жылдан бері ауруханада емделу үшін облыс орталығына сабылып келеді. Дертіне дауа іздегендер аудан дәрігерлерінен жолдама алып, сараптамадан өтіп емдеу орнына жеткенде қабылдамай әбден қиналады екен.

"Мен қолқа, демікпе ауруларымен есепте тұрамын. Дем жетпей қиналғанда Ақтаудағы облыстық ауруханаға жібереді. Оларда орын табылмай, көбіне үйде емделуге кері қайтарады. Өз ауданымыздан бөлек аурухана ашылғанын қалаймыз. Мұнайлы - жас та болса, халқы көп, үлкен аудан. Біз орталыққа бармай, өз ауылымыздан емделгіміз келеді",- дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Балтагүл Ізбасарқызы.

Мұнайлы ауданында алғашқы орталық аурухананың құрылысы биыл наурыз айында басталды. Құрылыс аумағы 6 гектарға жуық. Мұнда 5 негізгі ғимарат пен қосалқы шаруашылық нысандары бой көтеріп жатыр. 150 орындық көпбейінді аурухананың бірнеше блокқа бөлінген ғимараттарында хирургия, терапия, жұқпалы аурулар және балаларға арналған бөлімдер, перзентхана және зертхана орналасады. Жобаға мемлекет қазынасынан 11,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Аудандық жаңа аурухана 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Мердігер мекеме құрылысты мерзімінде бітіруге уәде беріп отыр. 

Қазір Мұнайлы ауданында 182 мың адам бар. Сондай-ақ, аудандық емханаларда мамандар тапшы. Әртүрлі сала бойынша 17 дәрігер қажет.  

"7 жалпы телім дәрігерлері, балалар инфекционсті, балалар және ересектер эндекринологы және акушер-гинекологтар қажет. Жетіспейтін мамандарға басқа медициналық ұйымдарға келісімшарт арқылы жіберіп отырамыз. Жаңа аурухана ашылған соң аудан халқына бұрынғыдай қалаға сабылудың қажеті болмайды",- дейді Мұнайлы аудандық емханасының директоры Жанар Досжанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу