"Маңғыстау-1" ауылының 29 жастағы тұрғыны, көпбалалы ана Гүлзия Қойлығұлова сабын жасап отыр. Күніне екі мыңға жуық өнім шығаратын әйел бұл кәсіпке бірден келмепті.
Алдымен ол нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бизнес идеяны іске асыру бағыты бойынша оқуға қатысқан. Одан кейін Гүлзия балаларға арналған атракцион ашуды ойлайды. Оқу барысында маркетингтік талдау, сұраныс деген ұғымдарды үйрене келе бұл ойынан айни бастайды. Сөйтіп, адамның күнделікті тұтынатын қажеттіліктерін анықтай келе, кір сабын жасау бизнесіне тоқталып, қажетті құрал жабдықтарын, сабынды шығаратын және кесетін құрылғыларын сатып алған. Бүгінде Гүлзия Атамекен ауылында орналасқан кішігірім цехта кір сабын шығарып отыр. Кәсіп иесі шикізатты KFC, "Бархан бургер", "Каспий гриль" тез тамақтану орталықтармен бірлесіп, келісімшарт негізінде алады. Дайын өнімдер ауданның орталық базарына, қала супермаркеттеріне жеткізіледі.
"Менің бір айдағы таза табысым әзірге 100 мың теңге құрап тұр. Енді кір сабынды кептіретін және сыртын қаптап шығаратын құрылғыларды алуды жоспарлап отырмын. "Бастау Бизнес" жобасы арқылы осындай ерекше кәсіптің ашылуына септігін тигізгеніне риза боламын. Білікті мамандарымыздың кәсіптің негіздеріне үйретіп, бағыт бергені қуантады", – дейді кәсіпкер Гүлзия Қойлығұлова.
Құралай Қуатова