Мұнайшылар сотқа арыз түсірді

2011

Олар 2013 жылдан бері экологиялық аймақта жұмыс істейтіні үшін үстемеақы алмаған. 

Мұнайшылар сотқа арыз түсірді

"Сағыз Петролеум Компани" ЖШС-нің жұмысшылары компанияны сотқа берді. Олар экологиялық үстемеақыны талап етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұнайшылар 2013 жылдан бері экологиялық аймақта жұмыс істейтіні үшін үстемеақы алмаған. Олар сотқа арыз түсіріп, іс бүгін қарала бастады.

"2013 жылдың қазан айынан бері мұнай компаниясында жұмыс істеймін. Зауытта инженер болып еңбек еттім. Ұжымдық келісімшартта 20 пайыздық экологиялық үстемеақы төлеу міндеттелгенімен, бізге ешқандай ақша бермеді. Жұмысшылардың әрқайсысына 1-3 миллион теңгеге жуық қарыз. 2016 жылы "жұмысшыларға берілмейді, ол жұмыс берушінің құқығы" деп түсіндірді. Ал 2018 жылы маусымда жаңа келісімшарт жасап, өзгертіп жіберді. Біз заңды түрде экологиялық үстемеақыны алғымыз келеді", - дейді "Сағыз Петролеум Компани" ЖШС-нің жұмысшысы Рустам Бақытжанов.


 

 

Ал Аймұрат Төремұратов компанияда 2012 жылдан бері жұмыс істейді.

"2013-2018 жылдар аралығындағы экологиялық өтемақы берілмеді. Бұған дейін экологиялық аймақта жұмыс істегендерге беру керек деп келіссе, кейін мекенжайы экологиялық аймақта тұрғандарға ғана өтемақы беріледі деп өзгертті. Біз де вахталық әдіспен жұмыс істейміз. Біз де сол аймақта істейміз, күкірттісутектің ортасында жүрген адамдарды бөлмеген дұрыс", - деді Аймұрат Төремұратов.

ЖШС мен жұмысшылар арасында медиация тәртібімен кездесу өткен. Бірақ жұмысшылар компания ұсынған ақшаға келіспей, іс сотқа жолданды. Қазір 50-ден астам жұмысшының арызы қаралып жатыр.

"Біз компаниядағы әртүрлі шарттарды, актілерді, маңызды құжаттарды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ дәл осы жағдайға байланысты мәселе талқыланды деп нақты айта алмаймын", - деді компания өкілі Гауһар Ибрашева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу