Әлеуметтік желіде танымал болгер Дариға Нұркееваға қатысты дау шыққан болатын. Онда белгілі блогер Ольга Колузанова өз ұлын Дариға Нұркеева рұқсатсыз видеоға түсіріп, желіге жүктегеніне наразы екенін айтқан. Аталған мәселеге қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ольга Колузанованың сөзінше, видео 2024 жылдың тамыз айында түсірілген. Сонымен қатар, миллиондаған қаралым жинап, баланы мазақ қылған комментарийлер жазылған.
Бірінші инстанция соты Qatty Tatty дәмханасын көпшілік алдында кешірім сұрауға, моральдық өтемақы мен заңгер шығыны үшін 500 000 теңге төлеуге міндеттеген. Алайда дәмхана жәбірленушіге қарсы талап арыз беріп, ешбір міндеттемемен келіспеген.
Динара Зәкиеваның сөзінше, әлеуметтік желіде балалардың құқықтары күн сайын өрескел бұзылатын көрінеді.
– Ал ересектер оның салдарын, мұндай әрекеттер бала психикасына қандай нұқсан келтіретінін, оның тұтас әлемге сенімін бұзатынын ойламайды. Қара басының қамы үшін адамгершілік ұмыт қалып отыр. Осыны жасаған ересектердің баладан кешірім сұрап, жағдайды түзеуге тырысуға ар-намысы жетпегені өкінішті. Мұндай әрекеттер баланың өмірін құртып жіберуі мүмкін екенін әрдайым есте сақтау керек, – деп жазды Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, жыл басында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың фото-видеосын пайдалануға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер әзірленді. Жақында олар Үкіметке бекітуге жіберіледі.