Мұрат Бақтиярұлы: Ашаршылық деректерінен құпиялық грифін алатын кез жетті

1403

Мұрат Бақтиярұлы Асқар Маминге ашаршылық туралы депутаттық сауал жолдады.  

Мұрат Бақтиярұлы: Ашаршылық деректерінен құпиялық грифін алатын кез жетті

Ашаршылық туралы негізгі құжаттар мен құнды материалдар ҰҚК, Прокуратура, ІІМ архивтерінде сақтаулы жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Сенат қабырғасындағы әріптестерінің атынан Үкімет басшысының атына сауал жолдаған Мұрат Бақтиярұлы ашаршылық зұлматын "болшевизмнің қолдан жасаған солақай саясаты" деп атағанымен, өкпе қуып жүріп өштестікке ұрынбауымыз керек деген ой айтты. 

"Тағдыр сынына түспейтін халық болмайды. Тарихи сындарға іргелі ұлттар ғана жауап бере алады. Өзгелер жіберген олқылықты өзіміз жібермеуге, өкпе қуалап жүріп өштестікке ұрынбауымыз керек. Осы бір алапат қасіреттің тарихын архив құжаттары арқылы әлі де болса жан-жақты зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Ашаршылыққа қатысты көптеген құжаттар мен құнды материалдар ҰҚК, Прокуратура, ІІМ архивтерінде сақтаулы. Ал оған зерттеушілердің кіруі қиын. Бұл мәліметтер осы күнге дейін әлі құпия болғандықтан, қолында нақты дерегі жоқ тарихшылар ашаршылық жылдары қайтыс болған, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны туралы кесімді нәрсе айтуға бара бермей, тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр", - деген депутат архивтегі "құпия" грифтерін алатын кез жеткенін де еске салды.

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Алапат ашаршылық ақиқатын толыққанды ашып, оған обьективті баға беру және большевизмнің қолдан жасаған солақай саясатының арқасында жазықсыз құрбан болған миллиондаған отандастарымыздың рухы алдында ұрпақтық парызымызды орындау  үшін арнайы өткізілген дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланып, қабылданған ұсынымдардың топтамасын назарыңызға ұсынамыз. Біріншіден, еліміздің арихвтеріндегі материалдармен танысу, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін еліміздегі барлық архивтерге қажеттірұқсаттам алу мәселесін шешу және архивтердегі құпия грифтерін алуға қажетті жұмыстарды жүргізу туралы ттиісті министрлікке тапсырма берілсе", - деді сенатор.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу