Мұрат Бақтиярұлы: Байқоңыр халқының денсаулығы ғарыштан жоғару тұруға тиіс

1080

Көктем мезгілінде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран ұшырмау керек. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы осындай бастама көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұрат Бақтиярұлы: Байқоңыр халқының денсаулығы ғарыштан жоғару тұруға тиіс

Ол сенаттың жалпы отырысында бүгін қабылданған "2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде жан-жақты талқыланғанын тілге тиек етті. 

"Бұл хаттама жобасының ережелері қабылданған жағдайда "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыраны кешенін бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы барысында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Әсіресе көптен бері шешімін таппай келе жатқан Ресей тарапының меншігіндегі және "Байқоңыр" кешенінің нысанндарында орналасқан мүлікті қабылдау-тапсыру үшін ұйымдық-құқықтық мәселелер шешімін табады деп ойлаймыз", – деді депутат. 

Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр қаласының 80 мыңға жуық тұрғыны жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерге шағымданып жүргенін жариялады.

"Зымыран ұшырылған сайын кемінде 4-5 күн ауа райы бұзылып, қатты жел тұрады. Жел оңтүстүгі Жаңақорған, солтүстігі Аралдан асып, Ырғызға дейін барады. Көктем айларында ылғалды болған жерлерде жақсы шыққан шөпті және жерді үздіксіз соққан жел кептіріп жібереді. Бұл жағдай мал мен егін шаруашылығына зардабын тигізетін қалыпты құбылысқа айналды. Халық мүмкіндік "Байқоңыр" ғарыш айлағынан көктем айларында зымыран ұшырмауды сұрап отыр", – деді депутат. 

"Байқоңыр" ғарыш айлағын ұзақ жылға жалға алғаны үшін Ресей Қазақстанға жыл сайын 115 млн доллар төлеп отырғанын атап өткен сенатор есесіне ел азаматтары түрлі ауруға шалдығып жатқанын жариялады. 

"Соңғы 15-20 жылдың ішінде тұрғындар арасында қан-тамырлары аурулары көбейіп кетті. Бұған кезінде аса улы отын – гептилмен ұшатын Протон зымырандарында болған апаттар себеп болды. Осыны ескере отырып, жалға беруден түсетін қаржының бір бөлігі жергілікті тұрғындардың емдеу-сауықтыру орындарында денсаулығын дұрыстауына беру қажет деп есептейміз. Байқоңыр халқының денсаулығы ғарыштан жоғару тұруға тиіс", – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу