Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Украина мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біріккен ұлттар ұйымы Жарғысының қағидаттарын берік ұстанатын екі мемлекеттің позициялары көптеген өзекті мәселелер бойынша ұқсас әрі үндес деу орынды. Әртүрлі мәлімдеменің сипаты мен мағынасын назарға ала отырып, Ресей-Украина мәселесі бойынша келіссөздердің басталуына үміт оты тұтана бастады. Дегенмен, бұл шешім оңай шешілетін мәселе емес екені белгілі", – деді Мұрат Нұртілеу.
Оның сөзінше, келісімге қадам жасау жақсы үрдіс.
Өз кезегінде Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийярто Украинадағы соғыс мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
"Соғыстың нәтижесінде біздің ел үлкен шығынға ұшырады. Сондықтан соғыс мүмкіндігінше ертерек аяқталып, бейбіт келісімге қол жеткізуіне қызығушылық танытып отырмыз. АҚШ-тың жаңа президенті және оның бейбітшілік саясаты бізге мүмкіндік береді. Сондықтан біз Ресей мен АҚШ арасындағы диалогты жоғары деңгейде құптаймыз", – деді Питер Сийярто.