Мұрны мен құлағын кесіп тастаған келіншектің күйеуі оны түрмеде отырып қорқытқан

1455

Ол түрмеден қашудың қиынға соқпайтынын, жақында еркіндікке шығатынын жазған.

Мұрны мен құлағын кесіп тастаған келіншектің күйеуі оны түрмеде отырып қорқытқан Фото: видеодан алынған кадр

Қырғызстандық Әсел Ноғайбаеваның бұрынғы күйеуі келіншектің мұрны мен құлағын кесіп, азаптағаны үшін және бірнеше рет зорлағаны үшін 20 жылға сотталды. Алайда Әселге темір тордың арғы жағында отырған бұрынғы күйеуі түрлі хабарламалар жіберіп, қорқытатын көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Сurrenttime.tv порталына сілтеме жасап.

Әсел өзі және балалары үшін қатты қорқады. Содан ол бұрынғы күйеуінен келген хабарламаларына қатысты арнайы прокуратураға жүгінді. Әселге жазған хаттарында ер адам бұрынғы әйелі туралы бәрін білетінін және оның Бәйтік есімді азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы айтқан. Сондай-ақ түрмеден қашудың қиынға соқпайтынын, жақында еркіндікке шығатынын жазған.

Жәбірленушінің бұрынғы күйеуі Азамат Естебесов әйелін бірнеше рет зорлап, азаптағаны үшін қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Әселдің айтуынша, сотталушы жәбірленушіге 8 шілде күні осындай сипаттағы қорқынышты хаттардың он шақтысын жіберген. Тіпті ол Әселге қоңырау шалған. 

“Біреу бейтаныс нөмірден қоңарау шалды. Өз дүкенім болғандықтан хабарласып жатқан сауда агенті деп ойладым. “Кім бұл?” деп едім ол бірдеңелерді айтты. Мені өлтірмек болған адамның даусын бірден таныдым. Ауа жетпей, өзімді нашар сезіне бастадым. Сөйлей алмадым. Сол уақытта ол маған талақ (мұсылмандарша ажырасу) берді. Кейін “Не бүлдіргеніңді білесің бе?” деп сұрады. Сондай-ақ жақында бостандыққа шығатынын айтты”, – дейді Әсел Ноғайбаева.

Жәбірленушінің айтуынша, Азамат Естебесов WhatsApp пен Instagram желісінде оған қоқан-лоққы көрсеткен. Сотталушының желіде жаңа парақша ашқанына қарағанда ол түрмеде қарапайым батырмасы бар телефон емес, смартфон қолданады деп болжам жасады Әсел. Сондай-ақ онда интернет те бар. 

Азамат Естебесовтың Әселді түрмеде отырып телефоны арқылы қорқытуы бірінші рет емес. Жәбірленушінің адвокаты Азаматтың телефон арқылы бәзбіреулерге айтып, Әселдің өміріне қауіп төндіре ме деп қорқады. Заң өкілі мемлекеттің сотталушының қылмыстық әрекеттерін жалғастыруына жол беріп отырғанына наразы. 

Әсел мен оның адвокаты тергеу жүргізіп, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін колония қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы арнайы прокуратураға шағым түсірді. Сауытова түрме күзетшілерінің өздері тұтқындарға телефон сатып, оларды пара ретінде пайдалануға рұқсат етті деп күдіктенеді.

Қылмыстық атқару қызметі бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Ведомство тек ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын ғана мәлімдеді. 

“Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр. Ішкі тексеруден кейін барлығы белгілі болады. Ол телефонды қалай, кімнен алғаны анықталып жатыр”, – дейді Қырғызстан қылмыстық атқару қызметінің баспасөз хатшысы Ызаат Тұрғынбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу