Мұстафа Шоқайға туған топырағында ескерткіш белгі қойылды

Күрескер тұлғаның тікелей ұрпағы саналатын Райса Даниярқызы көпшілікке алғысын айтты.

Мұстафа Шоқайға туған топырағында ескерткіш белгі қойылды Фото: Inbusiness.kz

Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған "Наршоқы" елді мекенінде ұрпақтарының ұйытқы болуымен ескерткіш белгі қойылды, деп хабарлайды  inbusiness.kz тілшісі

Салтанатты жиынға мұстафатанушы ғалымдар қатысты. Солардың бірі – Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара.

- Мұстафа Шоқайдың идеялары қазақтың ғана емес, тұтас Түркі жұртының болашағымен байланысты. Ол – тек саяси қайраткерлігімен емес, адамгершілік тұрғысынан да өте биік тұлға. Оның ұлы адамгершілік қасиетіне мойынсұнған француздар қақ төрінен ескерткіш тұрғызды.

Мұстафа Шоқай – өте күшті қаламгер. Біз оны француз тіліндегі 120 мақаланың 40 мақаласын қазақ, түрік, орыс тілдеріне аудардық. Ол тек саясаткерлік тұрғысынан емес, экономикалық тұрғыдан, халықаралық байланыстар тұрғысынан зерттеп, бәрін жазған, - дейді мұстафатанушы, тарих ғылымдарының докторы.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өзін "М. Шоқайдың қасиетін, қасіретін бойыма сіңіріп алдым" деп есептейді.

- Мен Наршоқыдан Берлинге дейін жүріп өттім. Мұстафа Шоқайдың табаны тиген барлық жерде болдым, сондықтан ол кісінің қасиетін, қасіретін бойыма сіңіріп алдым деп есептеймін. Менің негізгі мақсатым – екі кітап жаздым, М.Шоқайдың майданы тоқтамайды. Өйткені, оның арманы – тұтас Түркістан идеясы, - дейді ақын Қасымхан Бегманов.

Ескерткіш белгінің ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті "Мұстафа Шоқай" ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір, Түркия, Күтахия Думлупынар университетінің профессоры Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Ескерткіш белгі қоюға атсалысан бүкіл ел, ағайынға алғыс айтамын. Мен – бабамыздың тікелей ұрпағымын. Яғни, М.Шоқайдың туған ағасы Сыздық бабаның шөбересімін, - дейді Райса Даниярқызы.

Еске салайық, Қызылордада М.Шоқайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кең көлемдегі конференция да өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу