Мұсылман үшін маңызды құжаттар қабылданды

2613

Елордада ІІІ республикалық имамдар форумы өтуде.  

Мұсылман үшін маңызды құжаттар қабылданды

Бүгін "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) "Жеті рухани қазық" Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы", "Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі" және "ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері" атты үш құжат қабылданды.

Бұл құжаттар халықты имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға үндейді. Мысалы, "Жеті рухани қазық" Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы" мұсылманды жеті қасиетке шақырады. Нақтырақ айтсақ, олардың ішіне имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділділік кіреді. Аталған әр қасиет өз ішінде таратылып, түсіндіріледі. Ал "Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі" құжатында дін қызметкерінің нақты құзыреттері жазылған. "ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері" құжатында діни лауазымдар тізілімі, атқаратын қызметтері, міндеттері т.б. нақты көрсетілген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қабылданған құжаттар өте маңызды екенін айтады. "Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында айтылған идеялары, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген "Баршаға ортақ игілік. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" бастамасын қолдай отырып, оған үлес қосуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі шара осындай ойдан туған бастама. Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Мен біздің дін қызметкерлеріне мұны айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Өйткені Алланың елшісі – Пайғамбарымыз үнемі прогреске үндеген, дамудың жолын көрсеткен. Кертартпа көзқарас алға жылжуды тежейді", – деді ҚМДБ төрағасы.

Айта кету керек, форумға мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу