Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ашылды

1721

Павлодардағы білім ордасына жерлес ақынның есімі берілді.

Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ашылды Фото: Валерий Бугаев

Облыс орталығындағы Затон шағын ауданында мектеп салу қажеттілігі - соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы көтеріліп жүрген мәселе. Бұл ауданда қазақтілді бірде-бір мектеп болған жоқ. Сондықтан осы аумаққа іргелес жатқан өзге шағын аудандардағы мемлекеттік тілде оқытатын мектептердегі оқушылардың саны белгіленген нормадан көп еді. Затондағы орыстілді мектеп те балабақшаның типтік ғимаратында орналасқан. Ата-аналар оқу кабинеттері, спорт және мәжіліс залдарының тарлық ететінін талай айтып, жаңа мектеп салып беруді сұрады.

Оқушылар, ата-аналар мен ұстаздардың тілегі былтыр ескеріліп, қараша айында оқу орнының құрылысы басталды. 350 орындық мектепті салуға қазынадан 1 млрд 158 млн теңге қаржы қарастырылды.

Бірақ білім ордасы қолданысқа тапсырылмай жатып-ақ дауға айналды. Әу баста  Затон шағын ауданындағы мектепке оның дәл қасында орналасқан орыс тілінде оқытатын №13 орта мектептің балалары көшіріледі делінген болатын. Себебі осыдан 20 жыл бұрын бұрынғы балабақша ғимаратында ашылған мектеп 611 балаға қолайсыздық тудырып отыр. Кейін шенеуніктер әу бастағы шешімін өзгертіп, жаңа мектеп қазақ тілінде білім беретін №9, 24, 25 және 39 мектептердің жүктемесін азайту үшін мемлекеттік тілде оқытатын болады деген байламға келді. Бұл шешім ата-аналар арасында түсініспеушілік тудырды. Мәселеге облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов араласып, жаңа мектептің екі тілде білім беретінін айтқан еді.

Аралас мектеп күні кеше салтанатты түрде есігін айқара ашты. Бұл - аймақта қабылданған "Заманауи мектеп" тұжырымдамасы аясында бой көтерген алғашқы оқу орны. Мұндағы арнайы кабинеттер технологиялық мүмкіндігі мол құралдармен қамтылып, мектептің әр бұрышы оқушыларға пайдалы болатындай етіп жабдықталды. Асханада тамақтың сапасын бақылап, оқушылардың ұсыныс-тілектерін ескеретін "e-pit" жүйесі енгізілді. Мұзафар Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған музей де ашылды.

Енді оқушылар қашықтан білім беру аяқталып, жаңа мектептің парталарына отырар күнді тағатсыздана күтіп жүр. 350 орындық мектепте 5-11 сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде білім алатын болады.

№13 орыс мектебін балабақша ғимаратынан толық көшіру үшін жаңа мектептің іргесінде 250 орындық қосымша ғимарат салынуда. Оның құрылысы келесі жылы аяқталуға тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу