Музей Әйгерімнің қобдишасымен толықты

851

Музей Әйгерімнің қобдишасымен толықты

Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі тағы да бір құнды жәдігермен толықты, деп хабарлайды kazmuseum.kz.

Абай ауданының тумасы, зейнеткер А.Доланбеков Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің қобдишасын музей қорына тапсырды. Қобдишаны кезінде Әйгерім Бәтет Әзімханқызына сыйлаған. Сыйлықтың иесі Бәтет – руы Жігітек, Бөжей ұрпағы.

Айдар Кенжетілеуұлының айтуы бойынша, Бәтет Әзімханқызы Ырғызбай ауылына келін болып түседі. Бұрынғының салты бойынша, ағайын-туыс кезектесіп, есік көрсету үшін жас келінді қонаққа шақырып отырған. Сонда Әйгерім келін болып түскен Бәтетті өз үйінен дәм татырып, соңында осы қобдишаны сыйға тартқан. Онысы – "қуыс үйден құр шықпасын", игілікке бастаған ырым болсын дегені.

Айдар Кенжетілеуұлының анасы Ақлия – Бәтет Әзімханқызының туған сіңілісі. 1967 жылы Бәтет апамыз қобдишаны Айдар Кенжетілеуұлының әйелі Бақытқа берген. Міне, осылайша, Айдар Кенжетілеуұлы Әйгерім сыйға тартқан қобдишаны енді музей қорына тапсырды.

Көненің көзі болған қобдиша, арнайы қалпына келтіру жұмыстарынан кейін, музей экспозициясына қойылып, көрермен назарына ұсынылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу