Кездесуде комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп бүгінде музей саласы күрделі сын-қатерлерге тап болып, жүйелі жаңартуды қажет ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жұмысқа Сенат депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, қала басшылығы және еліміздің әр өңірінен келген музей мамандары қатысты.

"Көптеген музей ескірген инфрақұрылым базасында жұмыс істеуде. Қойма бөлмелері мен жабдықтары заманауи стандарттарға әрқашан сәйкес келе бермейді, бұл экспозициялардың сапасы мен қорлардың сақталуына әсер етеді. Музей тек сақтау орны ғана емес, сонымен бірге ағарту, диалог және елдің мәдени ортасын қалыптастыруға арналған кеңістік болуы тиіс", – деп атап өтті сенатор.
Комитет төрағасы саланың кадрлық жағдайына да назар аударып, мамандарды даярлауға жаңа тәсілдер қажет екенін айтты.
"Музейлерде кәсіби реставраторлар, кураторлар мен цифрлық мамандар жетіспейді. Білім беру бағдарламаларын дамыту, жас кадрларды тарту үшін жағдай жасау және музейлерге жаңа аудиториямен жұмыс істеуге, онлайн форматтарды дамытуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды енгізу маңызды", – деді Нұртөре Жүсіп.
Айтылған барлық ұсыныстар комитеттің одан әрі жұмысында ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.