"Музейлер түні": Елордадағы ұлттық музейге 47 мыңнан астам адам барды

830

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов хабарлады.

"Музейлер түні": Елордадағы ұлттық музейге 47 мыңнан астам адам барды Фото: ҚР Мәдмин

"Музейлер түні" халықаралық акциясы аясында елордадағы Ұлттық музейге 47 мыңнан астам адам барды, деп жазады inbusiness.kz. 

Ведомство басшысының айтуынша, былтырғы рекорд жаңартылды. 2022 жылы акцияға 30 мыңға жуық адам қатысқан. 

"Ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музейге барлық тілек білдірушілер әрең сыйды. Кейбір залдарда мүлдем ине шаншар орын болмады. Алайда көтеріңкі көңіл-күй, достық, отбасылық және мерекелік атмосфера болғанын айта кету керек", - деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

"Музейлер түні" – отандық мәдениет қызметкерлері күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі. 

Асхат Оралов республиканың әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлерін "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапаттағанын атап өтті.

"Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламасы, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер "Музейлер түніне" арнайы дайындалған кітап және авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсия өткізген "Жұлдызды гид" жобасына қатысты", - деді ол.

Министрдің сөзінше, жуырда ашылған Палеонтология залына қонақтар ерекше қызығушылық танытқан. Іс-шарада шетелден келген қонақтар да болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу