Осы уақытта бүгінгі Шерзат Полат өліміне қатысты сот процесінің 2-бөлімі өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында жалғасуда.
Сот отырысында 2024 жылдың 3-ші қазаннан 4-іне қараған түні болған қанды оқиғаның куәгері Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.
Оның сөзінше, куәгер Равиль Сәкиевтің шақыруымен Эльмира Нұрбековамен бірге мейрамханаға барған. Мейрамхана жабылған соң, олар үйіне қайтпақ болған.
– Үйге қайтамыз дегенбіз "қыздар сендерді апарып тастайық, бірақ жолда дүкенге кірейік" деп Нұрқияс па айтқан болатын. Машинада Нұрқияс, мен, Равиль, Эльмира болды. Көлікті Шыңғыс жүргізді. Алдында Азамат отырды. Бізде де сол кезде темекі бітіп қалған еді. Сөйтіп "Қамажай" дүкеніне келдік, алдында бір топ адам тұрды. Кейін 1-2 минуттан кейін біз дүкенге темекі алуға кірдік. Бірақ бізге "сатпаймыз" деді. Сосын біз шықтық, сол кезде ерегіс басталып кетті. Мен көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Сұр киім киген сақалды жігіт бірінші аспанға, сосын екі рет бізге қарай оқ атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Мен көліктің ішінде отырып, 5 минуттан кейін шығып ұлдарға "қайтайық" деп айқайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Қайтып көлікке отырдым. Төбелес не үшін басталғанын білмедім, – деп сөз сөйледі Дана Жақсыгелді.
Мемлекеттік айыптаушы куәгердің неге полицияға немесе жедел жәрдемге хабарласпағанын сұрады.
– Ондай ойымда болған жоқ. Бір жағынан мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім, дауысын бірінші рет естідім. Содан кейін қорқып, көлікте отырып қалдым. Өз өмірім үшін қорықтым, – деді ол.