Мырзағалиев битум мәселесін қалай шешпек

522

"ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев Caspi Bitum, Атырау зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту бойынша жиын өткізді. 

Мырзағалиев битум мәселесін қалай шешпек

Онда ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту, зауытты жөндеу мерзімі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кеше президент халыққа жолдауында битум жоқтығын сынап, "біресе жанар-жағармай, біресе шекер жоқ, мұнайлы елімізде битум да жоқ, бұл – ұят" деген еді. Елдегі мәселелер кейінгі кезде президент назар аударғаннан кейін ғана іске асырылатындай көрінеді.

Жиын барысында айтылғандай, Қазақстанда битумға деген сұраныс жаз айларында жол құрылысы белсенді жүргізілетін шақта арта түседі. М.Мырзағалиев жол-құрылыс ұйымдарын мемлекет тарапынан жыл бойы қаржыландыру (аванс беру) мүмкіндігін қарау керек деп есептейді. Бұл жол-құрылыс жұмыстары маусымының басталуына қарай ішкі нарықта битумның қажетті қорын жинақтауға мүмкіндік береді деген сенімде ол.

Сонымен қатар жиында Caspi Bitum зауытының қуатын 1,5 есе арттыру мәселесі талқыланды. Бұл жоғары сапалы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Caspi Bitum келтірген дерек бойынша, мұнай өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар, оның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп те қойған, мамандар жобалауға кірісіп жатыр.

Жиын барысында сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, өндірістік көрсеткіштер уақтылы орындалып жатқанын баяндады. Биылғы жылдың  қорытындысы бойынша зауытта мұнай өңдеу көлемі 5 млн тоннадан аспақ. Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйекке жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте М.Мырзағалиев зауыт басшылығына жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдайды ескере отырып, зауыттың ағымдағы жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, битумды шетелден әкелуге тыйым салынған. Сарапшылар Павлодар мұнай-химия зауыты бұл салада монополист болып отырғанын және өңірлер толық қамтылмай жатқанын айтады.

"Мысалы, Солтүстік Қазақстанда қазір жол құрылысын жүргізу мүмкін болатын соңғы ай. Себебі қыркүйекте жауын-шашын, қазанда қар жауады. Ал олар битум таппай отыр", – деген еді "Әділ жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу