Мырзашоқы тау-шаңғы базасында туристік маусым ашылды

1356

Демалушылар арқанжолмен жүріп, шаңғы тебе алады.  

Мырзашоқы тау-шаңғы базасында туристік маусым ашылды

Әдетте туристерді тек жазғы уақытта қабылдайтын Баянауыл ауданы осыдан үш жыл бұрын қысқы туризмге де бет бұрды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

2019 жылдың желтоқсан айында Мырзашоқы тауында арқанжол тартылып, қысқы демалыс орны сенімді басқару бойынша "Мырзашоқы-Қаражар" кәсіпорнына берілген болатын. Сол уақыттан бері жылына 5-8 мың адам мұнда қыс қызығын көруге келеді.

Бірақ кешенге қатысты бірнеше мәселе бар. Солардың бірі - қардың аздығы. Соның салдарынан шаңғы тебуді қалайтындар үшін қиындықтар туындап жатады. Жасанды қар жасау техникасынан да қайыр болмады. Алайда "Вершина" ЖШС өкілі Амангелді Макаровтің сөзінше, биыл мұндай түйткіл туындамайды. Қардың аздығына қарамастан шаңғы мен сноубордтарға арналған жолдар салынды.

Екінші мәселе - таза ауызсудың жоқтығы. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов мұны инвестор өзі реттеуі тиіс екенін алға тартады.

"Мырзашоқы" тау-шаңғы базасы "Қаражар-Мырзашоқы" компаниясының басқаруына берілген болатын. Ендігі мәселелердің барлығын осы инвестор шешуі керек. Біз өз кезегімізде Қаражар ауылында салынып жатқан орталық су желісінен 1,7 шақырым құбыр тартуды ұсындық. Осы мақсатта "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасына қатысып, мемлекеттің қаржылай қолдауын алуға болатынын да айттық. Бірақ кәсіпкер бұл тиімді тетікті қолданбай отыр", - дейді Қанат Кәрімов.

Ал әкімдік аудан орталығынан базаға дейін апаратын автобустарды ұйымдастырумен ғана шектеледі. Биыл туристерді тасымалдайтын автобус аудан орталығынан тау-шаңғы кешеніне дейін күніне екі рет шығады. Билет бағасы - 500 теңге.

Арқанжолмен жүру бағасы да - 500 теңге. Балалар 250 теңге төлесе жеткілікті. Сондай-ақ, 9.00-18.00 аралығында шаңғы, сноуборд теуіп, шанамен сырғанау үшін 3 мың теңгелік абонемент алуға болады. Шаңғыны жалға алу бағасы - сағатына 1500 теңге. Туристер үшін екі дәмхана ыстық тамақ ұсынуға әзір.

Инвесторлардың жоспары бойынша, осы жылы Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 10 мыңға жуық демалушы келеді.

Ажар Дәулетова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу