Мысыр қазақстандық туристерді міндетті тіркеуден босатуы мүмкін

901

Ал Қазақстанда мысырлықтар бұл рәсімнен өткен жылы босатылған. 

Мысыр қазақстандық туристерді міндетті тіркеуден босатуы мүмкін

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы генерал Халед Фодамен кездесті. Кездесу барысында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыланды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстандық дипломат Мысыр курорттарына, әсіресе Шарм әл-Шейх пен Хургада қалаларына демалуға келген қазақстандық туристердің саны соңғы екі жылда едәуір өскенін атап өтті. Мысалы, өткен жылы Мысырға 120 мың турист келді, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 25 есе көп. Биыл "SCAT" әуе компаниясына қоса, Шарм әл-Шейх қаласына ұлттық әуетасымалдаушы "Air Astana" компаниясы да алғашқы чартерлік рейстерін ашты.

Оңтүстік Синайдың губернаторы қазақстандық туристер арасында мысырлық бағытқа деген сұраныстың өсіп жатқанын ризашылықпен атап өтті. Ол мысырлық билік өкілдерінің демалуға келгендерге барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысып жатқанын айтты.

Осы орайда елші қазақстандық туристерді Мысыр көші-қон қызметтерінде міндетті түрде тіркеуден босату мәселесін көтерді. Бұл демалушыларға ыңғайсыздық тудырады және елден шығарда бірқатар кедергілер туындауы мүмкін. Сонымен қатар, А.Исағалиев өткен жылы дәл осы рәсімнен Қазақстандағы Мысыр азаматтарының босатылғанын тілге тиек етті. Губернатор жуық арада бұл мәселені шешуге және аталмыш бюрократиялық рәсімді алып тастауға уәде берді.

Кездесудің соңында елші губернаторды 2019 жылғы 7-11 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммитіне қатысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу