Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін Мысыр үкіметі 181 миллион фунт (яғни 10,5 миллион АҚШ доллары) бөлді. Бұл туралы Мысыр Араб Республикасы (МАР) парламентінде Қазақстанның елшісі Арман Исағалиевпен өткен кездесу барысында Уақыптар министрі Мұхтар Джумаа айтты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
2007 жылғы 28 қазанда ҚР мен МАР үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы мен оның бюджеті бекітілген еді. Бюджет көлемі 12,0 млн АҚШ доллары мөлшерінде. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн АҚШ долларын Қазақстан тарапы бөлді, ал қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландыруға тиіс болатын. Жоспарға сәйкес 2011 жылдың қазанында жұмыстар аяқталуы керек болған, алайда Мысырдағы сол кезге болған саяси және экономикалық дағдарыс себебімен тоқтап қалған еді.
2018 жылғы қазан айында, яғни 7 жылдан соң Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жоба МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер "Араб контракторс" компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғаларына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.