Қазақстаннан тіл үйренуге барған алты жас жігіт Египетте жоғалып кетті, қазіргі уақытта болған жайдың жай-жапсары анықталуда. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрліктің мәліметінше, Абылайхан атындағы университеттің екі магистранты 11 шілдеде Каирға екі айлық тілдік курстан өтуге барған.
"Олар сол білім беру мекемесінде оқыған тағы төрт қазақстандық студентпен бірге бір пәтерде тұрады. 20 шілдеде олармен байланыс жоғалған, туған-туыстарымен хабарласпаған. 1993-1995 жылы туған алты жігіт жоғалып кетті", — деді Жайнақов Sputnik Қазақстан агенттігіне сейсенбі күні.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар жас жігіттерді іздеуге кірісіп кетті. Қазақстан елшілігі Египет СІМ-нен қазақстандықтарды іздеп табуға жәрдемдесуді сұраған.
Ол студенттердің жоғалып кету себептері турады мәлімет барын, бірақ әзірше айта алмайтынын ескертті.