Мысырда ұсталған Қазақстан жастары елге оралатын болды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов фейсбуктегі парақшасына жазды.
"Жаңа ғана қазақстандық дипломаттардың алып жүруімен еліміздің алты азаматы Каир әуежайына жеткізілді.
1 тамызда Мысырдың ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері Қазақстан елшілігіне хабарласып бұдан бұрын қамауға алынған жастарды отанына қайтаратынын хабарлады.
Осыдан кейін Қазақстан елшісі қажетті процедураларды ұйымдастыру үшін әуежайға барды. Одан кейін Қазақстан азаматтарымен кездесті. Қазір жастардың хал-жағдайы жақсы. Жақын арада олар елге келеді
Алты отандасымыздың не себепті ұсталғанын әзірге Мысыр жария қылмай отыр.
Мысыр билігі азаматтарымыздың ұсталуына қатысты барлық мәліметті сол елдің құқыққорғау органдары беретін болады деп сендірді", - деп жазды Әнуар Жайнақов желідегі парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін Мысырда 6 студенттің жоғалып кеткендігі туралы ақпарат жарияланды. Кейінірек студенттердің Мысырдың құқық қорғау органында болғандығы анықталды. Осыған байланысты Қазақстанның Мысыр еліндегі елшілігі осы оқиғаға байланысты ресми жауап талап етіп, Қазақстан Мысырға ресми наразылық нотасын жіберген еді.