Мысырда терроризм мен экстремизмді насихаттайды әрі жалған ақпарат тарады деген желеумен 21 ақпарат сайты, соның ішінде, әлемге әйгілі "әл-Жазира" телеарнасының сайты да бұғатталды. Бұл туралы әл-Йаум ас-Сабиа ақпарат көзіне сілтеме жасап islam.kz хабарлайды.
Аталған ақпарат көзінің хабарлауынша, "әл-Жазира" телеарнасының бюросы билік басына Әбдіфаттах ас-Сиси келген тұста, осыдан төрт жыл бұрын жабылып қалған болатын. Мысыр билігінің бұл қадамын сарапшылардың бірқатары сөз бостандығын шектеу арқылы ас-Сисидің өз билігін бекем етуге бағытталған десе, енді біреулері елдегі толқулардың алдын алу үшін жасалған деп бағалап отыр. Десе де, мысырлықтар "әл-Жазира" телеарнасының хабарларын тыйым салынбаған ғаламтордағы арнайы бағдарламалар мен спутник арқылы көріп келеді.