Н.Назарбаев Қазақстанда билікті тапсыру қатаң түрде Конституция шеңберінде жүзеге асырылатынын айтты

1020

Н.Назарбаев Қазақстанда билікті тапсыру қатаң түрде Конституция шеңберінде жүзеге асырылатынын айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында елді басқару билігін өз балаларына беруді жоспарламайтындығын айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Елбасы: "Мен билікті балаларыма беруді қарастырып отырғаным жоқ", – дей келе, Қазақстанда бұл мүмкін еместігін атап өтті.

"Қазақстанда билікті тапсыру қатаң түрде Конституция шеңберінде жүзеге асырылады... Мен 2020 жылға дейін жұмыс істеймін. Одан да 2020 жылы тағы бір мәрте кездесейік", – деп ұсынды Елбасы Bloomberg агенттігінің тілшісіне. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, жаңа мерзім туралы айту әлі ерте, барлығы оның денсаулық жағдайы мен Қазақстан халқының қолдау деңгейіне байланысты болады. Назарбаев сондай-ақ келер жылдан бастап болашақтан тек жақсылық күтетіндігін атап өтті. Дональд Трамптың алдағы АҚШ президенті болуына қатысты айта келе Қазақстан Президенті Америка экономикасы мен өнеркәсібін қайта өрлету жөніндегі Трамптың жоспарын қолдайтындығын атап өтті, бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ Назарбаев Трамптың демократиялық ұстанымдарды ілгерілетуге қатысты "әлемге америкалық құндылықтарды күшпен телімеу керек" деген сөзін жоғары бағалады. Сұхбатта Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда мәселесі де аталып өтілді. Қазақстан көшбасшысының айтуынша, Одақта Азия елдеріне және Еуропаға да орын жеткілікті екен.

"Егер одаққа Еуропаның кіруіне мүмкіндігі болса, тамаша болар еді", – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысы нарықтың кәсіби қатысушыларын іскерлік сипатындағы ақпаратпен қамтамасыз етушілер арасындағы үздіктердің бірі болып саналатын Bloomberg News ақпарат агенттігі өкілдерімен әңгімелесті.

Сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына қатысты сауалдарға жауап беріп, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының перспективалары, жаһандық экономиканың, терроризммен күрестің маңызды аспектілері, сондай-ақ шет елдермен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу