Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге әлі ерте. Бүгін қос палатаның біріккен отырысына қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, енді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық сақтандыру жобасын қайта түзіп шығуы тиіс. Яғни, Президент ескертуі бойынша енді сақтандыруға Қазақстанның барлық азаматтары, әлеуметтік санатына қарамастан ақша төлеуге міндеттелуі мүмкін. Әйтпесе, бұған дейінгі бекітілген жобада әлеуметтік аз қамтылған 14 топқа жеңілдік жасалған еді. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар да бар. Бұл шамамен 2,7 млн адам. Міне, осы соңғы топтың дәрежесін анықтау Үкіметке қиынға соғуда. Ескертуді Денсаулық сақтау министрі шұғыл назарға алуда. Елжан Біртанов тілшілерге ең алдымен ресми жұмыс жасайтындар мен жұмыссыз жүргендердің тізімі жасалатынын жеткізді.