Шараға өңірдегі барлық коммуналдық мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері, облыс депутаттары, энергетика саласының ардагерлері мен "МАЭК" кәсіпорнының ұжымы қатысты. Нұрлан Ноғаев жиналғандарды ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтап, энергетик мамандығының маңыздылығына тоқталды.
"Энергетика – бүгінгі таңда жаңа заман өмірінің күре тамырына айналды. Күнделікті жұмысы көзге көрінбегенмен, ақау болған кездері бұл мамандық иелерінің маңызы байқалады. Энергетика саласының басты байлығы да - білікті мамандар. Маңғыстау облысының жүрегі деп атайтын МАЭК-тің 55 жылдық қалыптасу тарихы Маңғыстау облысының тұрақты дамуымен тығыз байланысты. Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді дамытудың 7 бағытын атап өтті. Өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі - сумен жабдықтау жүйесі мен инженерлік құрылысты жаңғырту. Біздің алдымызда электр стансасының өндірістік қуатын кеңейту бойынша ортақ міндет тұр. Осы жолда сіздердің барлығыңыздың тәжірибеңіз бен кәсібилігіңіз, еңбекке деген құштарлықтарыңыз қажет болады", – деді аймақ басшысы.
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін "МАЭК" ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерін "Еңбек ардагері" медалімен, ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.